Индустрия

AI дамуы Қазақстанда электр энергиясына сұранысты арттырады

Қазақстан жасанды интеллектіні дамыту үшін энергетикалық инфрақұрылымды кеңейтуді көздеп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2030 жылға қарай әлемдегі деректерді өңдеу орталықтарының электр тұтынуы екі есеге артып, 950 млрд кВт·сағ-қа жетуі мүмкін. Осыған байланысты Қазақстан бірнеше атом электр станциясын салу туралы стратегиялық шешім қабылдаған, деп хабарлайды Tech-news. 

Бұл туралы Мемлекет басшысы AI Journey 2026 халықаралық конференциясында мәлімдеді. Оның сөзінше, жасанды интеллект технологияларының кең таралуы есептеу қуатына деген қажеттілікті арттырады. Ал бұл өз кезегінде электр энергетикасы жүйелеріне түсетін салмақты көбейтеді.

Халықаралық энергетика агенттігінің болжамына сәйкес, 2030 жылы деректерді өңдеу орталықтары (Data Center) әлемде 950 млрд кВт·сағ-қа дейін электр энергиясын тұтынуы ықтимал. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен екі есе көп.

Тоқаев энергетикалық ресурстардың қолжетімділігі, электр желілерінің сенімділігі және энергияны үнемді пайдалану технологиялық бәсекеге қабілеттіліктің маңызды шарттарына айналатынын атап өтті.

Осы бағытта Қазақстан бірнеше атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Алғашқы «Балқаш» АЭС-інің құрылысына Ресейдің «Росатом» корпорациясы жетекшілік етеді.

Президент цифрлық технологияларды көлік-логистика саласына енгізу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей жүк тасымалы мен көлік инфрақұрылымын басқаруға арналған Smart Cargo және AI Jol жүйелерін бірлесіп дамытуда. Бұл жобалар Омбыда өткен Өңіраралық ынтымақтастық форумында таныстырылған.

Сонымен қатар 2026 жылдың қазан айында екі ел арасында электронды жүкқұжаттарды пайдалану арқылы автокөлікпен жүк тасымалдау пилоттық режимде жүзеге асырылды.

Келесі кезеңде Қазақстан мен Ресей ұлттық ақпараттық жүйелерін өзара үйлестіріп, цифрлық шешімдерді көлік саласында кеңінен қолдануды көздейді. Тоқаевтың пікірінше, бұл бастамалар болашақта екі ел арасында бірыңғай цифрлық көлік дәлізін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *