TechОбщество

Қазақстан OpenAI-мен серіктестікті нығайтады: 165 мың педагогке арналған ЖИ мүмкіндігі

Жасанды интеллект саласындағы халықаралық көшбасшы OpenAI компаниясы өкілдерінің Қазақстандағы сапары жалғасып жатыр. Білім беру саласына ЖИ-ді енгізу бойынша ұлттық жоба аясында OpenAI өкілдері бастаманың технологиялық серіктесі — Bilim Group командасымен кездесті.

Келіссөздер барысында тараптар жаңа буын педагогтері мен мамандарды даярлау, оқу орындарына ЖИ негізіндегі заманауи білім беру құралдарын енгізу, сонымен қатар еліміздің білім беру мекемелерінде ЖИ-ді қолданудың озық тәжірибелерін тарату бағытында бірлесіп жұмыс жасау жолын талқылады.

OpenAI мен Bilim Group арасындағы келіссөздерде ынтымақтастықтың жаңа бағыттары қаралды: қазақстандық компания ChatGPT Edu жобасының елдегі технологиялық серіктесі болып үлгерді, ал қазіргі уақытта OpenAI-дың ресми аймақтық серіктесі атану туралы мәселе талқыланып жатыр.

«Біз бірлескен жұмыстың, әсіресе, отандық білім беру платформаларына OpenAI шешімдерін кіріктірудің әлеуеті зор деп есептейміз. Бұл қадам әлемдік деңгейдегі жергілікті сервистерді әзірлеуге және ЖИ-ді білім беру саласына енгізудің халықаралық үлгісін көрсетуге мүмкіндік береді. Осылайша Қазақстанда ЖИ саласындағы құзыреттердің толыққанды экожүйесін қалыптастыруға болады. Алдағы уақытта біз OpenAI-мен білім беру бағытынан бөлек, экономиканың түрлі саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру және ЖИ құзыреттерді дамыту бойынша B2B-серіктес ретінде жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті Bilim Group бас директоры Александр Савченко.

Айта кетерлігі, Қазақстан OpenAI компаниясы ChatGPT Edu білім беру бастамасын жүзеге асыру үшін таңдап алған әлемдегі алғашқы алты елдің қатарына кірді. Жоба оқытушыларға оқу, зерттеу және білім беру бағдарламаларын әзірлеу үшін жасанды интеллектінің заманауи құралдарына қолжетімділік ұсынуға бағытталған.

OpenAI мәліметтері бойынша, Қазақстан жасанды интеллектіні қолдану деңгейі жоғары елдердің қатарына кіреді. ChatGPT-ді ең белсенді пайдаланушылар — 18 бен 34 жас аралығындағы жастар. Қазақстандықтар жасанды интеллектіні көбінесе ақпарат іздеу, практикалық ұсыныстар алу, мәтіндер жазу және оларды өңдеу үшін қолданады.

Жұмыс кездесулері аясында OpenAI және Bilim Group педагогтерді даярлау, жасанды интеллект бойынша сарапшылар желісін қалыптастыру, ЖИ-құралдарды енгізу, сонымен қатар OpenAI-дың заманауи технологияларын пайдалана отырып, ұлттық білім беру шешімдерін дамыту мәселелерін қарастырды.

OpenAI өкілі Карлотта Ревильоның айтуынша, мұндай бастамаларды сәтті енгізу халықаралық шешімдерді ұлттық білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне бейімдей алатын жергілікті серіктестерсіз мүмкін емес.

«Осындай ауқымды жоба аясында жұмыс істеу — біз үшін үлкен мәртебе. Біздің мақсатымыз — балабақша педагогтерінен бастап жоғары оқу орындарының оқытушылары мен зерттеушілеріне дейін білім беру саласындағы мамандардың ChatGPT құралдарына қол жеткізуін қамтамасыз ету. Бұл технологияларды ғылыми зерттеулерде, сабақ беруде, оқу бағдарламаларын әзірлеуде және жалпы білім беру процесінде кеңінен қолдануға болады. Осы процесте Bilim Group Қазақстан педагогтеріне ЖИ саласына қатысты білім мен тәжірибені таратуда маңызды рөл атқарып отыр», — дейді OpenAI өкілі Карлотта Ревильо.

Бұл пікірді Bilim Group өкілі әрі Silkroad Innovation Hub бас директоры Асет Абдуалиев те қуаттайды.

«Бұл процесте Bilim Group жергілікті интегратор әрі жоба серіктесі ретінде негізгі рөл атқарады. Халықаралық технологиялық компанияларға нарықтың ерекшелігін жақсы түсінетін және жаһандық шешімдерді жергілікті жағдайларға бейімдей алатын ұйымдар қажет. Компания ірі халықаралық білім беру жобаларын жүзеге асыруда, соның ішінде Coursera-мен ынтымақтастық аясында өз тиімділігін дәлелдеп үлгерді», — дейді ол.

Сапар бағдарламасы аясында OpenAI делегациясы Қазақстанның білім беру саласының мамандарымен, жоғары оқу орны өкілдерімен кездесіп, ЖИ-ті оқу процесінде қолдану бойынша бірқатар воркшоп мен практикалық сессия өткізді.

Қоса кетері, OpenAI өкілдерінің бұл сапары Қазақстанның білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі ұлттық жоба аясында өтіп жатыр. Осы бастамаға сәйкес, еліміздегі 165 мың педагог арнайы білім беру ұйымдарына арнап әзірленген ChatGPT Edu нұсқасына қолжетімділік алады. Жобаның технологиялық серіктесі — Bilim Group IT холдингі. OpenAI делегациясының Қазақстанға сапары Bilim Group экожүйесіне кіретін Bilim UpSkill жобасының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

 

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *