Нейросети

АҚШ Anthropic AI модельдеріне шектеуді алып тастады

АҚШ Сауда министрлігі Anthropic компаниясының Claude Fable 5 және Mythos 5 жасанды интеллект модельдеріне қатысты экспорттық шектеулерді алып тастады. Соның нәтижесінде модельдер АҚШ-тағы және басқа елдердегі пайдаланушылар үшін қайтадан кезең-кезеңімен қолжетімді бола бастайды, деп хабарлайды Tech-news.

Anthropic бұған дейін АҚШ үкіметінің талабына сәйкес Claude Fable 5 пен Mythos 5 модельдеріне қолжетімділікті уақытша шектеген болатын. Енді компания бұл сервистерді өз платформалары мен серіктестері арқылы біртіндеп қайта іске қосып жатыр.

Компанияның хабарлауынша, Claude Fable 5 моделі қайтадан Claude, Claude Code, Amazon Web Services (AWS), Google Cloud және Microsoft Foundry платформаларында қолжетімді болады. 7 шілдеге дейін Pro, Max және Team тарифтерін пайдаланушылардың шамамен жартысы, сондай-ақ бірқатар корпоративтік клиенттер жаңа модельді пайдалана алады.

Сонымен қатар Anthropic АҚШ үкіметімен ынтымақтастықты жалғастырып, Mythos 5 моделін Glasswing киберқауіпсіздік бағдарламасы аясында кеңірек аудиторияға ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл бастама қорғаныс жүйелерін сынақтан өткізу үшін мемлекеттік және халықаралық серіктестерге озық AI модельдерін пайдалануға мүмкіндік береді.

Экспорттық шектеудің уақытша енгізілуі технология саласында қызу талқыланды. Себебі дәл осы кезеңде Қытайдың жасанды интеллект модельдері қарқынды дамып, америкалық әзірлемелерге айтарлықтай бәсекелеске айнала бастады. Бірқатар технологиялық компаниялар мұндай шектеулер америкалық өнімдердің жаһандық нарықтағы позициясына кері әсер етуі мүмкін екенін айтқан.

Бұл жағдай АҚШ-та жасанды интеллект саласына мемлекеттік бақылаудың күшейіп келе жатқанын да көрсетті. Дональд Трамп әкімшілігі AI әзірлеушілерінен жаңа модельдерді кеңінен іске қоспас бұрын оларды мемлекеттік тексеруге ұсынуды талап етеді. Осындай тәжірибені OpenAI де ұстанады, бірақ компания мұндай рәсім тұрақты міндетке айналмауы керек деген пікірде.

Айта кетейік, бұған дейін Anthropic пен АҚШ Қорғаныс министрлігі арасында жасанды интеллектіні әскери және қорғаныс саласында пайдалану мәселесіне қатысты пікірталастар болғаны хабарланған еді.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *