«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай жасанды интеллект саласының танымал сарапшысы Ли Кай-Фумен кездесті. Тараптар азаматтардың өтініштерін өңдеп, қоғамдық сұранысты талдайтын AI-платформа әзірлеу мүмкіндігін талқылады, деп хабарлайды Tech-news.
Негізгі мақсат – жасанды интеллектіні партия жұмысының тиімділігін арттыруға және халықпен байланысты күшейтуге пайдалану.
Кездесу барысында цифрлық технологияларды саяси ұйымдардың күнделікті жұмысына енгізу мәселесі сөз болды. Жоспарланып отырған платформа азаматтар мен кәсіпкерлерден келіп түсетін өтініштерді автоматты түрде өңдеп, оларды тақырыптар бойынша жүйелей алады. Сонымен қатар жүйе құжаттармен және заңнамалық базамен жұмыс істеп, жиналған мәліметтерді заң шығару бастамалары мен партиялық шешімдерді әзірлеуге пайдалануға мүмкіндік береді.
Айбек Дәдебайдың айтуынша, бүгінгі таңда өтініштерді қабылдау жеткіліксіз. Ең маңыздысы – қоғамды нақты қандай мәселелер толғандыратынын деректер негізінде анықтау.
Оның сөзінше, жасанды интеллект тек әкімшілік процестерді автоматтандыру құралы емес, азаматтардың пікірін талдап, өзекті мәселелерді анықтауға көмектесетін технология болуы тиіс.
Ли Кай-Фу да бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді. Оның пікірінше, AI үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеп қана қоймай, негізгі қоғамдық трендтерді анықтап, оларды нақты ұсыныстарға айналдыра алады. Сондай-ақ мұндай жүйелер әртүрлі даму сценарийлерін модельдеуге және шешім қабылдау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында тараптар партияға арналған AI-платформаның архитектурасын әзірлеуге кірісуге келісті. Келесі кезеңде жобаның басым бағыттары айқындалып, оны іске асыру жұмыстары басталмақ.
Айта кетейік, Ли Кай-Фу – жасанды интеллект саласындағы ең танымал сарапшылардың бірі. Ол 01.ai компаниясының негізін қалаушы, Google China компаниясының бұрынғы президенті және AI Superpowers кітабының авторы. Қазақстанға сапары барысында ол мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектіні қолдану және цифрлық трансформация тақырыптарына арналған бірнеше кездесуге қатысты.










