Қазақстанда нотариаттық қызметтерді цифрландырудың жаңа кезеңі басталады. Әділет министрлігі E-Notary платформасын іске қосып, оған биометриялық сәйкестендіру мен жасанды интеллект технологияларын енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Tech-news.
Жаңа жүйе нотариустардың әрекеттерін бақылауды күшейтіп, азаматтарға өздеріне қатысты жасалған нотариаттық іс-әрекеттерді цифрлық форматта қадағалауға мүмкіндік береді.
E-Notary платформасында нотариус пен азаматты биометриялық сәйкестендіру жүйесі енгізіледі. Бұл дербес мәліметтерді заңсыз пайдаланудың алдын алып, нотариат саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.
Азаматтар платформада жеке кабинет аша алады. Ол арқылы өздерінің қатысуымен жасалған нотариаттық әрекеттерді көріп, бақылайды. Заң бұзушылық анықталған жағдайда нотариустың әрекетіне шағымдану мүмкіндігі де қарастырылған.
Платформада атқарушылық жазбалар жасауға арналған өтініштерді нотариустар арасында автоматты түрде бөлу механизмі де пайда болады. Бұл мамандар арасындағы жұмыс жүктемесін теңестіруге және азаматтардың нақты бір нотариусты таңдау мүмкіндігін шектеуге тиіс. Сонымен бірге жүйе ықтимал сөз байласу тәуекелдерін азайтуға бағытталған.
«Ұсынылған құжаттарды талдау, ықтимал тәуекелдерді анықтау және ұсынымдарды қалыптастыру үшін E-Notary жасанды интеллект элементтерімен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте барлық нотариаттық іс-әрекеттерді жасау жөніндегі түпкілікті шешім тек нотариуста қалады», — деді Ерлан Сәрсембаев.
E-Notary-дің тағы бір маңызды бөлігі — жасанды интеллект. ЖИ ұсынылған құжаттарды талдап, ықтимал тәуекелдерді анықтап, нотариусқа тиісті ұсынымдар бере алады.
Бұл ретте соңғы шешімді қабылдау құқығы нотариустың өзінде қалады. Яғни жасанды интеллект құжаттарды тексеру мен талдау процесін автоматтандырады, бірақ нотариусты алмастырмайды.
Жоба қазір пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Оның нәтижесіне қарай E-Notary жүйесін 2026 жылдың соңына дейін бүкіл Қазақстан бойынша енгізу жоспарланған.










