Қазақстанда кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру жұмысы күшейтіледі. Қазір елде бекітілген 150 қолдау шарасының 63-і электронды форматта қолжетімді, ал қалған 87-сін цифрландыру қажет, деп хабарлайды Tech-news.
Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков мәлімдеді.
Цифрлық трансформацияның негізгі бағыттарының бірі — мемлекеттік қолдау шараларын eGov Business порталына шығару. Екінші бағыт — кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін дамыту. Ол мемлекеттік қолдауды нақты кәсіпкерлерге бағыттауға және шешім қабылдау кезінде қолда бар деректерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Министрлік қолдау шараларын жай ғана қағаздан электронды форматқа көшірумен шектелмеуді ұсынып отыр. Алдымен процестер қайта қаралып, қажетсіз қадамдар мен әкімшілік кедергілер қысқартылмақ.
Алғашқы кезеңде eGov Business-ке «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі ұсынатын мемлекеттік қолдау шаралары шығарылады. Бұл бағыттағы процестердің цифрлық деңгейі жоғары болғандықтан, оларды интеграциялау жеңілірек болмақ.
2024–2025 жылдары «Бәйтерек» холдингі еншілес ұйымдарымен бірге мемлекеттік қолдау көрсету процестерін қайта құрастырған. Оның нәтижесін «ҚазАгроҚаржы» ұсынатын 5% жеңілдікті лизинг бағдарламасынан көруге болады.
Бұған дейін бір қатысушысы бар шаруа қожалығының өтінім беру процесі 80-нен астам қадамнан тұратын. Құжаттар мен деректердің едәуір бөлігі қолмен енгізіліп, өтінімді қарау екі жұмыс күніне дейін созылатын.
Реинжинирингтен кейін қадамдар саны шамамен 30-ға дейін қысқарды. Ал «ҚазАгроҚаржы» порталындағы өтінімді қарау уақыты 5–10 минутқа дейін азайды.
Келесі кезеңде бұл жүйені eGov Business-пен біріктіріп, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі дайын деректерді өтінім формаларына автоматты түрде енгізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде кәсіпкерге қажетті ақпаратты қайта-қайта қолмен толтырудың қажеті азаяды.
«Келесі кезең – процесті eGov Business порталымен интеграциялау және өрістерді автоматты түрде толтыру үшін қолда бар мемлекеттік деректерді пайдалану. Бұл қосымша цифрлық өтінім беру арнасын құруға, кәсіпкердің іс-қимыл санын қысқартуға және өтінім беруді іс жүзінде бірнеше ғана қадаммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Бекболат Молдабеков.
Жаңа модель мемлекеттік қолдауға өтінім беру процесін бірнеше негізгі қадамға дейін қысқартуға және кәсіпкерлердің уақытын үнемдеуге бағытталған.










