Гаджеты

Meta AI-ға арналған жаңа құрылғыны таныстырды

Meta смартфондағы қосымшаларға тәуелділікті азайтып, AI-ды жеке құрылғыға шығаруға дайындалып жатыр. Компания Meta Connect конференциясында Muse Charm деп аталатын, қалта сағатына ұқсас шағын гаджетті таныстырды, деп хабарлайды Tech-news Reuters-ке сілтеме жасап. 

Құрылғының негізгі мақсаты — компанияның Muse AI жүйесіне смартфондағы қосымшаны ашпай-ақ тікелей қол жеткізу.

Muse Charm шамамен 2 дюймдік экранмен жабдықталған. Экранды бас бармақпен басқаруға болады, ал ортасында пайдаланушы баптай алатын Muse кейіпкері орналасады. Құрылғыға 5G модемі орнатылған, сондықтан ол Wi-Fi желісіне қосылмай-ақ Muse қызметін пайдалана алады. Дегенмен гаджет қоңырау шалуға арналмаған.

Meta басшысы Марк Цукерберг компанияның AI-ға қатысты бағыты өзгергенін атап өтті. Бұған дейін Meta метаверсті келесі ірі есептеу платформасы ретінде қарастырса, қазір компания «жеке суперинтеллект» идеясын алдыңғы орынға шығарып отыр.

Цукербергтің айтуынша, Meta алдағы уақытта осы бағытқа бейімделген құрылғылар жасауға назар аударады. Muse жүйесі компанияның ақылды көзілдіріктеріне де енгізілмек.

Meta үшін бұл тек жаңа гаджет шығару емес, смартфондардың операциялық жүйелеріне тәуелділікті азайтудың бір жолы. Бүгінде мобильді AI сервистерінің басым бөлігі Apple мен Google платформалары арқылы таралады. Ал жеке құрылғы Meta-ға пайдаланушы мен AI арасындағы байланысты тікелей басқаруға мүмкіндік береді.

Жаңа гаджеттің тағы бір ерекшелігі — оның дизайны. Сарапшылардың пікірінше, шағын экранды жеке AI құрылғысы Tamagochi сияқты цифрлық кейіпкерлерді еске түсіруі мүмкін. Мұндай формат әсіресе AI-ды іздеу құралы емес, күнделікті серіктес ретінде қабылдайтын жас аудиторияға қызық болуы ықтимал.

Meta үшін бұл нарықта бәсекелестік жоғары. Бұған дейін Rabbit R1 сияқты жеке AI құрылғылары үлкен қызығушылық тудырғанымен, кейін олардың мүмкіндіктері мен нақты қолдану сценарийлеріне қатысты сұрақтар пайда болды.

Сондықтан Muse Charm-ның болашағы оның смартфон, смарт-сағат, құлаққап немесе ақылды көзілдірік орындай алмайтын қандай нақты міндеттерді шешетініне байланысты болады. Құрылғының жаппай нарыққа қашан шығатыны әзірге белгісіз.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *