АҚШ ғалымдары ми сигналдарын мәтін мен дыбысқа айналдыратын нейроинтерфейсті сәтті сынақтан өткізді. Жаңа технологияның арқасында амиотрофиялық бүйірлік склерозға (ALS) шалдыққан 45 жастағы ер адам қайтадан жақындарымен байланысып, интернетті қолдана бастады, деп хабарлайды Tech-news.
Калифорния университетінің (Дэвис) зерттеушілері Николас Кардтың жетекшілігімен ми-компьютер интерфейсін (BCI) әзірледі. Жүйе адамның миынан келетін сигналдарды талдап, оларды мәтін мен сөйлеуге айналдыра алады. Зерттеу нәтижелері Nature Medicine журналында жарияланды.
Тәжірибе барысында ALS дертіне шалдыққан пациенттің миына 256 электрод орнатылды. Бұл ауру уақыт өте келе адамның қозғалу және сөйлеу қабілетінен айырады.
Отадан кейін ер адам жаңа жүйемен жұмыс істеуді үйренуге шамамен тоғыз ай жұмсаған. Кейін құрылғыны күнделікті өмірде үй жағдайында пайдалана бастаған.
Нейроинтерфейс оған отбасы мүшелерімен, достарымен және дәрігерлермен байланысуға, компьютер курсорын басқаруға және интернетті қолдануға мүмкіндік берген.
Ғалымдардың мәліметінше, пациент бұл технологияны 19 айдан астам уақыт бойы пайдаланған. Орта есеппен жүйе тәулігіне 9,5 сағат жұмыс істеп отырған. Осы уақыт аралығында пайдаланушы 183 мыңнан астам сөйлем құрап, шамамен екі миллион сөз жазған.
Байланыс жылдамдығы минутына 56 сөзге жеткен. Науқастың бағалауынша, жүйе жасаған сөйлемдердің кем дегенде 92%-ы толық немесе ішінара дұрыс болған.
Берлиндегі Charité университеттік клиникасының маманы Суржо Сукадар бұл нәтижені маңызды жетістік деп атады. Оның айтуынша, бұрынғы зерттеулер көбіне зертханалық жағдайда жүргізілсе, жаңа жұмыс нейроинтерфейстердің күнделікті өмірде ұзақ мерзім бойы тиімді қолданылатынын көрсетті.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай технологиялар алдағы жылдары клиникалық тәжірибеге еніп, ауыр сал ауруына шалдыққан адамдардың қарым-қатынас жасау қабілетін қалпына келтіруге көмектесуі мүмкін.
Бұл зерттеу ми-компьютер интерфейстері мен жасанды интеллекттің медицинадағы әлеуеті артып келе жатқанын көрсетеді. Нейрондық жүйелер адамның ойын тікелей оқымайды, бірақ ми сигналдарын талдау арқылы оларды түсінікті мәтін мен сөйлеуге айналдырып, қозғалу немесе сөйлеу қабілетін жоғалтқан адамдарға жаңа мүмкіндік ашып отыр.










