Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім болашағы» көрмесінде білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан жасанды интеллект шешімдерімен танысты. Президентке мұғалімдер мен оқушыларға арналған бірнеше цифрлық құралдың жұмысы көрсетілді, деп хабарлайды Tech-news.
Көрме республикалық тамыз конференциясы аясында өтіп, білім саласын цифрландыруға және жаңа технологияларды оқу процесіне енгізуге арналды.
Президентке алдымен «Талдау орталығының» жұмысы таныстырылды. Оның ішінде мұғалімнің сабаққа дайындалуына көмектесетін WONK педагогтің AI-ассистенті көрсетілді. Құрал ұстаздардың күнделікті оқу-әдістемелік жұмысын жеңілдетуге бағытталған.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа 3-сыныптағы математика сабағының үзіндісі ұсынылды. Сабақ барысында Qalam AI, Beyim AI, TopIQ және E-OQULYQ сияқты цифрлық шешімдер қолданылды.
Көрме барысында Мемлекет басшысы заманауи балалар басылымдарын да көрді. Олардың қатарында әлем әдебиетінің қазақ тіліне аударылған шығармалары бар.
Бұдан бөлек, Президент ғылым, инженерия, робот техникасы және инновация бағыттарында жетістікке жеткен оқушылардың жобаларымен танысты.










