Индустрия

«Прогресс МС-35» Байқоңырдан ХҒС-қа жол тартты: бортта «Теледроид» экспериментіне арналған жабдық бар

16 қыркүйекте «Союз-2.1б» зымыран-тасығышы «Прогресс МС-35» жүк кемесін Байқоңырдан Халықаралық ғарыш станциясына ұшырды. Кеме станцияға 2,4 тоннадан астам жүк жеткізеді, деп хабарлайды Tech-news Kazinform-ға сілтеме жасап. 

«Роскосмос» мәліметінше, зымыран Байқоңырдағы №31 ұшыру кешенінен көтерілген. Зымыранның үшінші сатысынан жүк кемесінің бөлінуі, антенналары мен күн панельдерінің ашылуы штаттық режимде өтті.

«Прогресс МС-35» станция экипажына және ХҒС жұмысына қажетті 2,4 мың килограмнан астам жүк тасымалдайды. Оның ішінде:

  • Станцияны отынмен толықтыруға арналған қор;
  • Су және экипажға қажетті оттегі;
  • Азық-түлік пен медициналық құралдар;
  • Станцияға техникалық қызмет көрсетуге арналған жабдықтар мен шығын материалдары;
  • Ғылыми эксперименттерге қажетті құрылғылар.

Жүктің бір бөлігі «Теледроид» экспериментіне арналған. Оның мақсаты — қашықтан басқарылатын адамға ұқсас роботтың ашық ғарышта жұмыс істейтін космонавттарға қолдау көрсете алу мүмкіндігін зерттеу.

Эксперимент аясында ХҒС-қа роботты басқаруға арналған арнайы жұмыс орны — экзоскелет жеткізіледі. Бұл құрылғы оператордың қимылдарын роботқа беруге мүмкіндік беретін басқару жүйесі ретінде пайдаланылады.

Роскосмос космонавты Анна Кикина Жерде робот операторы ретінде дайындықтан өткен. Ал «Теледроид» роботының өзі станцияға келесі жүк кемесімен жеткізіледі.

«Прогресс МС-35» жүк кемесінің ХҒС-тың ресейлік сегментіндегі «Поиск» модулімен түйісуі 19 қыркүйекке жоспарланған.

Миссия барысында станцияға күнделікті жұмысқа қажетті қорлармен қатар, болашақта ғарышкерлердің ашық ғарыштағы қызметін қолдауға арналған роботтық технологияларды зерттеу жабдықтары жеткізіледі.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *