АҚШ-тың Федералдық байланыс комиссиясы (FCC) SpaceX компаниясының Starmind спутниктік жүйесін құру туралы өтінімін мақұлдады. Бұл шешім компанияға Жер орбитасына миллионға дейін есептеу модулін орналастыруға мүмкіндік береді. Олар ғарышта деректерді өңдеп, нәтижесін Жердегі пайдаланушыларға жеткізуге тиіс, деп хабарлайды Tech-news.
Жоба аясында төменгі Жер орбитасына шағын дата-орталықтар жіберу жоспарланып отыр. SpaceX мұндай инфрақұрылым арқылы жасанды интеллект жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ететін есептеулерді ғарышта орындауды көздейді.
Компанияның есебінше, орбитадағы құрылғылар күн энергиясын тұрақты пайдалана алады. Бұл жердегі дата-орталықтарға түсетін жүктемені азайтып, электр энергиясына жұмсалатын шығынды қысқартуға көмектесуі мүмкін. Себебі AI жүйелерінің дамуы деректерді өңдеуге қажетті қуат көлемін арттырып отыр.
FCC-нің шешімі АҚШ-та осындай спутниктік инфрақұрылымды құруға берілген алғашқы рұқсат саналады. Дегенмен бұл SpaceX миллион құрылғыны бірден ғарышқа ұшырады дегенді білдірмейді. Компания реттеуші орган белгілеген талаптарды орындап, жүйені 2033 жылғы қарашаға дейін орналастыруды бастауы керек.
Қазір Жер орбитасында шамамен 17 мың спутник бар. Егер SpaceX жобаны толық жүзеге асырса, олардың саны шамамен 50 есе артуы мүмкін.
Алайда бастама ғарыш саласының өкілдері мен ғалымдардың алаңдаушылығын тудырды. Спутниктер санының күрт көбеюі олардың соқтығысу қаупін арттырып, ғарыш қоқысының жиналуына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар бұл өзгерістер астрономиялық бақылауларға да кедергі келтіруі ықтимал.










