Қазақстанда «Таза Қазақстан» бастамасы аясында экологиялық мәселелерді шешуге арналған TazaQazBot чат-боты арқылы түскен 41 мыңнан астам өтініш орындалды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Даулет Есмағамбетов ОКҚ брифингінде мәлімдеді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы аясында биылғы төрт айда еліміз бойынша 124 экологиялық іс-шара ұйымдастырылған, деп хабарлайды Tech-news.
Нәтижесінде 260 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 48,5 мың гектарға жуық аумақ тазартылды. Сонымен қатар 723 мыңға жуық ағаш отырғызылып, экологиялық акцияларға 2,7 миллионнан астам адам қатысты. Оның ішінде 326 мыңнан астамы – еріктілер.
2 миллиард ағаш отырғызу жоспары жалғасып жатыр
Министрлік мәліметінше, мемлекеттік орман қоры аумағында 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасы бойынша бүгінге дейін 1,6 миллиардтан астам көшет егілген. Жұмыстар 1 миллион гектардан астам аумақты қамтыған.
Ал елді мекендерде жоспарланған 15 миллион ағаштың орнына 18 миллионнан астам ағаш отырғызылған.
Чат-бот арқылы экологиялық мәселелер хабарланады
Даулет Есмағамбетов азаматтарды экологиялық бастамаларға тартуда цифрлық сервистердің рөлі артып келе жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, тұрғындар TazaQazBot арқылы аумақтардың ластануы, заңсыз қоқыс үйінділері, көшелерді тазалау, тұрмыстық қалдықтарды шығару және жол жөндеу мәселелері жөнінде хабарлама қалдыра алады.
Чат-бот іске қосылғалы бері 44 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 41 мыңнан астамы орындалған.
Министрлік өкілінің сөзінше, TazaQazBot мемлекет пен тұрғындар арасындағы кері байланысты күшейтіп, жергілікті жерлердегі экологиялық және санитарлық мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беріп отыр.
Қазір чат-боттың аналитикалық бөлігі жетілдіріліп жатыр. Болашақта жүйе арқылы сенбіліктер өтетін орындар, қоқыс шығару жұмыстары және басқа да экологиялық іс-шаралар туралы ақпарат алуға мүмкіндік беріледі.
Эколог күніне орай акциялар өтеді
Брифинг барысында Даулет Есмағамбетов Қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық күні мен Эколог күніне орай барлық өңірде экологиялық акциялар ұйымдастырылатынын хабарлады.
Олардың қатарында ашық дәрістер, баспасөз турлары, волонтерлік бастамалар және елді мекендерді көгалдандыру шаралары бар.










