Логистикаға арналған технологиялар әзірлейтін Samsara компаниясы жүктердің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін Tracking Label смарт-белгісін таныстырды. Бір рет қолданылатын бұл құрылғы жүктің қай жерде екенін тасымалдау аяқталғанға дейін үздіксіз көрсетіп отырады, деп хабарлайды Tech-news.
Сыртқы пішіні қарапайым жапсырмаға ұқсайтын белгі ішінде шағын батарея мен Bluetooth модулі бар. Белсенді күйге қосылғаннан кейін ол шамамен 45 күн жұмыс істеп, жүктің орналасқан жері туралы мәліметті автоматты түрде жүйеге жібереді.
Мұндай шешімнің пайда болуы кездейсоқ емес. Соңғы жылдары логистика саласында жүк ұрлығы жиілеп, әсіресе қоймалар арасындағы тасымал кезінде тауарлардың қозғалысын бақылау қиынға соғып отыр. Дәл осы аралықты қылмыстық топтар пайдаланып, жыл сайын миллиардтаған доллардың жүгін қолды етеді. Tracking Label осы бақылаусыз кезеңді қысқартып, жеткізу маршрутын толық бақылауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Samsara ауыр техника мен қымбат жүктерге арналған бақылау құрылғыларын ұсынған еді. Алайда олар көлемді, бағасы жоғары және жеткізу аяқталғаннан кейін қайта қайтарылуы тиіс болатын. Ал жаңа белгі әлдеқайда ықшам: оны кез келген қаптамаға жапсырып, тасымал аяқталған соң кәдеге жаратуға болады.
Tracking Label-дің басты ерекшелігі — Samsara қалыптастырған ауқымды цифрлық инфрақұрылыммен жұмыс істеуі. Компания клиенттерінің коммерциялық көліктеріне орнатылған миллиондаған камералар, датчиктер және басқа құрылғылар Bluetooth белгісін автоматты түрде анықтап, оның координаттарын бұлттық жүйеге жібереді. Соның арқасында жүкті қоймалардан немесе тарату орталықтарынан тыс жерде де бақылауға болады.
Жүйе тек ұрлықтың алдын алумен шектелмейді. Егер жүк кешіксе, бағытын өзгертсе немесе жоспарланған маршруттан ауытқыса, тасымалдаушы бұл туралы бірден хабарлама алады. Бұл мәселені ерте анықтап, шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Компанияның пікірінше, жаңа шешім әсіресе қымбат жабдықтарды, стратегиялық маңызы бар жүктерді және жоғары құнды тауарларды тасымалдайтын бизнес үшін өзекті болады. Сонымен қатар Tracking Label ұйымдасқан жүк ұрлығы схемаларын анықтауға және құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдетуге де көмектесуі мүмкін.