Қазақстанның жаңа Конституциясында азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылған. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында «Қазақстан заңгерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай айтты, деп хабарлайды Tech-news.
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін күн тәртібіне шығарды. Серік Ақылбайдың сөзінше, жаңа Конституция осы өзгерістерді ескеріп, азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғауға арналған құқықтық кепілдіктерді күшейтеді.
Оның айтуынша, бүгінде жеке мәліметтердің таралып кету қаупі артып отыр. Сондықтан бұл саладағы жауапкершілік те қатаңдай түседі.
– Цифрлық ортада адамның жеке деректерінің заңсыз таралу қаупі бар. Сол себепті мемлекет заң арқылы азаматтардың құқықтарын қорғауға кепілдік береді. Егер цифрлық кеңістікте құқық бұзушылық орын алса немесе азаматтардың мүддесіне зиян келсе, олардың құқықтары заң аясында қорғалады, – деді Серік Ақылбай.
Заңгердің пікірінше, цифрлық технологиялардың дамуы құқықтық тетіктерді де үнемі жетілдіруді талап етеді.
– Әлемде цифрлық технологиялар өте жылдам дамып жатыр. Қазақстан да бұл бағытта алдыңғы қатардағы елдердің бірі. Сондықтан цифрландыру азаматтардың құқықтарына нұқсан келтірмеуі тиіс. Осыны ескере отырып, жаңа Конституцияда цифрлық кеңістіктегі құқықтарды қорғауға қатысты арнайы нормалар енгізілді, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Серік Ақылбай жаңа Конституцияны іске асыру үшін қажетті негізгі заңнамалық тетіктердің толық қалыптасқанын мәлімдеген.










