Қазақстан мен Қытай технология, цифрландыру, ақылды қалалар және спутниктік технологиялар бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейтпек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан–Қытай» инвестициялық форумында мәлімдеді, деп хабарлайды Tech-news.
Президенттің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс жаңа деңгейге көтерілген. Қытай қазір Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі саналады.
Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетіп, 50 миллиард долларға жуықтады. Үкіметтер бұл көлемді алдағы уақытта 100 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отыр.
Инвестиция саласында да Қытайдың Қазақстан экономикасындағы үлесі артып келеді. Президенттің дерегінше, Қытай Қазақстанға 29 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Қазір елде Қытайдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.
Технологиялық бағытта тараптар цифрландыру, «ақылды қалалар», спутниктік технологиялар, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы жобаларды дамытып жатыр.
Тоқаев инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін құқықтық жағдайдың да маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің ратификациялануы екі ел арасындағы іскерлік байланысты күшейтуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим бизнес байланыстардың кеңеюіне әсер етіп отырған факторлардың бірі ретінде аталды.
Президент Қазақстанда ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға жағдай жасалып жатқанын айтты. Инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін Бас прокуратура жанынан арнайы Комитет құрылып, Бас прокурорға инвестициялық омбудсменнің міндеттері жүктелген.










