TechЭкономика

Қазақстанның теміржол саласы жаңарып жатыр: жүк тасымалы 57% үлеспен көш бастап тұр

Қазақстанда көлік және қоймалау саласы соңғы 5 жылда 2,5 есе өсіп, 2025 жылы 12,2 трлн теңгеге жетті. Негізгі драйвер — теміржол инфрақұрылымын жаңарту, жаңа маршруттар және жүк тасымалы қуатының артуы, деп хабарлайды Tech-news.

Қазақстанның көлік саласы соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп келеді. Соңғы бес жылда көлік және қоймалау қызметтерінің жалпы көлемі 2,5 есеге ұлғайып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 12,2 трлн теңгеге жетті.

Өсімге негізгі түрткі болған факторлар — инфрақұрылымды жаңарту, халықаралық көлік дәліздерін кеңейту және тасымал көлемінің артуы.

Теміржол бүгінде елдегі жүк айналымының 57 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, көлік саласының жалпы экономикалық өнімінің үштен біріне жуық үлес осы секторға тиесілі. Бұл теміржолды Қазақстан логистикасының негізгі артериясына айналдырады.

Сала экспорт пен транзиттік тасымалдауда шешуші рөл атқарады. Сондықтан теміржол инфрақұрылымын дамыту өнеркәсіптің өсуіне, сыртқы сауданың кеңеюіне және елдің транзиттік әлеуетінің күшеюіне тікелей әсер етеді.

2014–2019 жылдары локомотивтер паркін жаңарту баяулап, тапшылыққа әкелген. Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды модернизация бағдарламасы іске қосылды. Жаңа локомотивтерді жеткізу 2028 жылға дейін жалғасады.

Қазір локомотив паркі тасымал сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр. Соның нәтижесінде олардың тозу деңгейі 74%-дан 49%-ға дейін төмендеді, ал орташа жасы 30 жылдан 21 жылға қысқарды.

Тиімділік көрсеткіштері де жақсарған. Мысалы, дизель отынының шығыны 10 мың тонна-километрге шаққанда 42 кг-нан 24 кг-ға дейін азайды. Әлемдік өндіруші Wabtec деректеріне сәйкес, Қазақстан локомотивтерінің тиімділігі 93 елдің ішінде ең жоғары деңгейлердің бірінде.

Салада локализацияға да басымдық беріліп отыр. Яғни локомотивтерді тек сатып алу емес, олардың өндірісі мен сервистік қызметін ел ішінде дамыту көзделген. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық инженерлік базаны күшейтуге ықпал етеді.

Жүк вагондары нарығы толықтай бәсекелестік негізде жұмыс істейді. Елде шамамен 147 мың вагон бар, олардың басым бөлігі жеке операторларға тиесілі. Қазіргі басты міндет — паркты кезең-кезеңімен жаңарту.

Жолаушылар вагондары да жаңартылып жатыр. Соңғы жылдары 650-ден астам вагон жаңартылды. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 90%-ға жеткізу жоспарланған. Негізгі мақсат — қауіпсіз әрі жайлы теміржол сервисі.

Теміржол инфрақұрылымында ірі жаңғырту бағдарламасы жүріп жатыр.

«Жоба аясында еліміздің барлық өңіріндегі 124 вокзал қамтылған. Қосымша жергілікті мемлекеттік органдар вокзал маңындағы алаңдарды жөндеп жатыр. Алғашқы 30 вокзалды биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін пайдалануға береміз», — деп баяндама жасады Нұрлан Сауранбаев. 

Желінің өткізу қабілетін арттыру үшін 754 шақырым жаңа теміржол салынды. Тағы шамамен 3 мың шақырым жолда модернизация жұмыстары аяқталуға жақын.

Алдағы кезеңде жаңа ірі жобалар ұсынылып отыр. Олардың қатарында Астана–Қарағанды бағытында үшінші жолдар, Арыс–Қазалы учаскесінде екінші жолдар салу бар. Сондай-ақ Қызылжар–Шұбаркөл–Есіл және Индербор–Мақат бағыттарын жаңарту жоспарланған.

Бұл жобалар Қазақстанның ішкі логистикасын ғана емес, транзиттік әлеуетін де айтарлықтай күшейтпек.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *