Өзбекстанда Оңтүстік Кореяның ROBOTIS компаниясы гуманоидты роботтар өндіретін зауыт ашады. Жобаға 100 млн доллар инвестиция салынып, 2000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ, деп хабарлайды Tech-news.
Ташкентте гуманоидты роботтар мен олардың негізгі компоненттерін шығаратын ірі өндірістік кешеннің құрылысы басталды. Жоба Оңтүстік Кореяның ROBOTIS компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.
Зауыт «Янги Авлод» арнайы индустриалды аймағында орналасады. Бастаманы «O’zeltexsanoat» қауымдастығы қолға алған.
Жоба аясында 10 гектар аумақта жоғары технологиялық өндіріс кешені салынады. Мұнда гуманоидты роботтармен қатар, олардың құрамдас бөлшектері де шығарылмақ. Инвестиция көлемі 100 миллион долларды құрайды. Сонымен бірге 2000-нан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары Джамшид Ходжаев бұл бастама елдегі робототехника саласын дамытудағы маңызды кезең екенін айтты. Оның сөзінше, негізгі мақсат – жасанды интеллект пен робототехника бағытында жергілікті инженерлік экожүйені қалыптастыру.
ROBOTIS пен Өзбекстан арасындағы серіктестік туралы келісімге 2024 жылдың желтоқсанында, Корея Республикасында өткен келіссөздерден кейін қол қойылған. Содан бері тараптар жобаны практикалық кезеңге көшіріп, өндірісті іске қосу жұмыстарын бастады.
Оңтүстік Корея бүгінде Өзбекстанның жоғары технологиялар саласындағы басты инвестициялық серіктестерінің бірі саналады. Қазір елде кореялық капиталдың қатысуымен мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Оларға тартылған инвестиция көлемі 8 миллиард доллардан асады.
Жаңа зауыт Өзбекстанның робототехника өндірісіне бет бұрып, өңірдегі жоғары технологиялық хабқа айналу жоспарын күшейте түсуі мүмкін.










