TechЭкономикаTop

Үкімет көлеңкелі экономиканы азайту үшін AI платформасын іске қосады

Қазақстан Үкіметі 2026–2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы кешенді жоспарды бекітті. Құжаттағы басты технологиялық жаңалық – мемлекеттік деректерді біріктіріп, заң бұзушылық тәуекелдерін жасанды интеллект арқылы анықтайтын бірыңғай цифрлық мониторинг платформасының іске қосылуы, деп хабарлайды Tech-news. 

Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған жоспардың негізгі мақсаты – көлеңкелі экономиканың үлесін қысқарту, бизнестің ашықтығын арттыру және кәсіпкерлерге қосымша әкімшілік талаптар жүктемей-ақ бюджет кірісін көбейту.

Соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар цифрлық шешімдер енгізілді. Елде 20 мемлекеттік ақпараттық жүйе жаңартылып немесе іске қосылды. Сонымен қатар қаржылық айналымы 2 трлн теңгеге жеткен интернет-казинолардың инфрақұрылымы тоқтатылып, 360 млрд теңге көлеміндегі негізсіз бюджеттік шығынның алдын алу мүмкін болды.

Осының нәтижесінде көлеңкелі экономиканың үлесі 2019 жылғы ЖІӨ-нің 24%-ынан 2025 жылдың қорытындысында 16,7%-ға дейін төмендеді. Үкімет енді бұл көрсеткішті 2028 жылға қарай 13,8%-ға дейін қысқартуды көздеп отыр.

Жоспардың негізгі цифрлық құралы – AI негізіндегі бірыңғай мониторинг платформасы. Жүйе түрлі мемлекеттік органдардың деректерін бір ортаға жинап, күмәнді операцияларды автоматты түрде талдайды. Бұл заң бұзушылықтарды бюджетке шығын келтірмей тұрып анықтап, тәуекелдерді ертерек басқаруға мүмкіндік береді.

Жалпы жоспар аясында экономиканың тәуекелі жоғары салаларын цифрландыруға бағытталған 53 іс-шара қарастырылған. Олардың қатарында сауда, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру секторлары бар.

Сауда саласында Digital Bazaar платформасын дамыту жалғасады. Сондай-ақ міндетті цифрлық таңбалауға жататын тауарлар тізімі мен Ұлттық тауарлар каталогы кеңейтіледі. Бұл өнімнің шығу тегін бақылауды жеңілдетіп, контрафактілік тауарлар үлесін азайтуға және нарықтағы бәсекені ашық етуге бағытталған.

Бұдан бөлек, акцизделетін және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің айналымын бақылау автоматтандырылады. Электрондық коммерция мен маркетплейстерді реттеу тетіктері жетілдіріліп, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің өзара интеграциясы кеңейтіледі.

Әлеуметтік салада қызмет көрсету сапасын, баға өзгерісін және бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын цифрлық құралдар енгізіледі. Сонымен бірге мемлекеттік бағдарламаларда «Цифрлық теңге» жобасын қолдану ауқымы ұлғаяды. Бұл мемлекеттік қаржының қозғалысын ашық бақылауға мүмкіндік береді.

Үкіметтің мәліметінше, жаңа жоспар бизнестің әкімшілік жүктемесін арттыруды емес, процестерді автоматтандыруға, деректерді талдауға және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға басымдық береді. Осы арқылы көлеңкелі айналымды қысқартып, адал кәсіпкерлер үшін тең жағдай жасап, бюджет кірістерінің тұрақты өсуін қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *