Қазақстанда 330 миллиардан астам цифрлық теңге айналымға шықты. Бұл цифрлық теңгелер мемлекеттік сатып алулар кезінде, ауыл шаруашылығы саласында субсидия беру барысында және тағы басқа бірқатар пилотық жоба аясында қолданылған. Цифрлық теңгені енгізудегі жаңашылдықтар жайында ҚР Ұлттық банкі Ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры Асан Ахметжан «24KZ» телеарнасындағы «ТҮЙІН» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Tech-news.
Осы күнге дейін нарыққа, экономикамызға айналымға шыққан цифрлық теңгенің көлемін айтар болсақ, 330 миллиардан астам цифрлық теңге айналымға шықты. Цифрлық теңге бұл — біріншіден, мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттың мақсатты жұмсалуын жүзеге асыруға зор мүмкіндіктер береді. Тағы бір артықшылығы — бірқатар құқықбұзушылықтарды, алаяқтық әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді, – деді Асан Ахметжан.
Бағдарлама қонағы цифрлық теңге қолданылған нақты жобаларды мысалға келтірді. Достық-Мойынты темір жолының құрылысы, Ақмола облысында диқандарға субсиядия бөлу барысында цифрлық теңге қолданылған. Цифрлық теңгенің басты артықшылығы – оның қай мақсатқа жұмсалатынын бағдарламалауға болады.
Цифрлық теңгені бағдарламалаған кезде, мысалы, жол құрылысына бөлінген қаражатты мердігер компания осы жолды салуға қажетті материалдарды, қызметтерді сатып алуға, басқа да шығындарына жұмсай алады. Бірақ, одан тыс пайдалануға, шетелге аударуға мүмкіндік болмайды. Сол сияқты, диқандардың қызметінде де. Мысалы ол субсидия тыңайтқыш сатып алуға бөлінді ме, ол ақшаны тек қана тыңайтқыш сатып алуға жұмсай алады. Субсидияны алып өзіне жаңа көлік сатып ала алмайды, пәтер сатып ала алмайды деген сияқты механизмдері бар, – деді Ұлттық банк өкілі.
Цифрлық теңгенің болашағы қандай?
Елімізде былтыр қабылданған «Банк туралы» заңда цифрлық теңгенің мәртебесі айқындалып, қаржы құралы заңдық күшіне енді. Қазіргі уақытта цифрлық теңге Ұлттық қор есебінен жобаларды қаржыландыру кезінде қолданылып жүр. Мемлекет басшысы 2025 жылдағы Жолдауында цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджетте, сондай-ақ мемлекеттік холдингтердің бюджетінде де пайдалануды тапсырды.
Цифрлық теңгенің мүмкіндіктері зор. Ол болашақта технологиялық ілгерілеуге жол ашады. Банктер өздерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін цифрлық теңгенің мүмкіндіктерін барынша пайдалану үшін түрлі өнімдер әзірлеп, ұсынады деген ойдамыз. Қазіргі таңда банктер түрлі өнімдер ұсынып жатыр. Цифрлық ипотекадан бастап несиелеуге дейін. Соған қолжетімділікті арттыру үшін цифрлық теңге енгізіліп жатыр», – деді Асан Ахметжан.
Спикердің айтуынша, цифрлық теңгені кез-келген тұрғын пайдалана алады.
Цифрлық теңге ол бөлек валюта емес. Ол өзіміздің төл теңгеміздің үшінші түрі. Мысалы, дәстүрлі қолма-қол ақша мен банк шотындағы электронды түрдегі ақша бар. Ал цифрлық теңге — ол қолма-қол және электронды ақшаның қасиеттерін біріктерген үшінші түрі. Мысалы, қолма-қол 10 мың теңгеңізді цифрлық теңгедегі шотыңызға аударсаңыз, ол цифрлық 10 мың теңгеге айналады, – деп түсіндірді бағдарлама қонағы.









