TechПолитика

БАӘ балаларға әлеуметтік желілерді 15 жасқа дейін пайдалануға шектеді

Біріккен Араб Әмірліктері балалардың цифрлық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жаңа ереже қабылдады. Енді елде 15 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерде аккаунт ашуға және платформалардың негізгі функцияларын пайдалануға тыйым салынады, деп хабарлайды Tech-news. 

Біріккен Араб Әмірліктерінің Министрлер кабинеті әлеуметтік желілерді пайдалану бойынша жаңа талаптарды бекітті. Жаңа ережеге сәйкес, 15 жасқа толмаған балалар Facebook, Instagram, TikTok және басқа да платформаларда жеке аккаунт ашып, оны пайдалана алмайды.

Шектеу тек аккаунт тіркеумен шектелмейді. 15 жасқа дейінгі пайдаланушылар контент жариялау, пікір жазу, хабарлама жіберу немесе алу, сондай-ақ ашық топтар мен қауымдастықтарға қатысу мүмкіндігінен айырылады.

Ал 15-16 жас аралығындағы жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалануға рұқсат беріледі, бірақ қосымша қауіпсіздік талаптары енгізіледі. Олардың қатарында жасына сәйкес контентті сүзгілеу, бейтаныс адамдармен қарым-қатынасты шектеу, экран уақытын бақылау және ата-аналық бақылау құралдары бар.

Билік платформалардан пайдаланушылардың жасын сенімді түрде тексеруді талап етіп отыр. Бұрынғыдай туған күнді өз бетінше көрсету жеткіліксіз болады. Оның орнына цифрлық сәйкестендіру жүйелері, жасанды интеллектке негізделген биометриялық технологиялар және арнайы кеңес мақұлдаған басқа да құралдар қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар, платформалар жаңа талаптарды айналып өтіп, 15 жасқа толмаған балалар ашқан аккаунттарды анықтап, бұғаттауға міндетті. Бұл жағдайда ата-ананың рұқсаты да ерекшелік ретінде қарастырылмайды.

Әлеуметтік желі компанияларына жаңа талаптарға бейімделу үшін 12 ай уақыт берілді.

БАӘ билігі мұндай шешімді балаларға төнетін цифрлық қауіптердің күшеюімен түсіндіріп отыр. Атап айтқанда, жас ерекшелігіне сәйкес келмейтін контент, интернеттегі қауіпті байланыстар, жеке деректердің жиналуы және әлеуметтік желілерге шамадан тыс тәуелділік негізгі қауіптердің қатарына жатқызылған.

Ресми мәліметке сәйкес, жаңа саясат кәмелетке толмағандарды онлайн ортада қорғауға бағытталған халықаралық үрдістермен үндес келеді. Бұған дейін Ұлыбритания да 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қосымша шектеулер енгізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген болатын.

Сарапшылардың пікірінше, әлемде балалардың цифрлық қауіпсіздігіне қатысты талаптар күшейіп келеді. Соның нәтижесінде әлеуметтік платформалар пайдаланушылардың жасын анықтауға арналған AI және биометриялық технологияларды кеңінен енгізе бастады.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *