Шымкентте интернет арқылы алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан топтың мүшелері ұсталды. Тергеу мәліметінше, күдіктілер WhatsApp мессенджерін пайдаланып, азаматтарды таныстарының атынан алдап, миллиондаған теңге иемденген, деп хабарлайды Tech-news.
Шымкентте киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері WhatsApp арқылы алаяқтық жасаған топты әшкереледі.
Полицияның мәліметінше, күдіктілер кең таралған әлеуметтік инженерия тәсілін қолданған. Олар азаматтарға хабарласып, өздерін туысы, досы немесе танысы ретінде таныстырып, түрлі себептермен шұғыл ақша аударуды сұраған.
Осындай схеманың құрбаны болған қала тұрғындарының бірі досынан келгендей көрінген хабарламаға сеніп, алаяқтар көрсеткен шотқа 3,5 миллион теңге аударған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында алты күдікті анықталды. Олар жалға алынған пәтерде болған. Тінту кезінде полицейлер 19 SIM-карта, 11 смартфон және бір планшетті тәркіледі. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл құрылғылар қылмыстық әрекеттерде пайдаланылған.
Құқық қорғау органдары күдіктілердің Астана мен Шымкентте тіркелген кемінде екі алаяқтық фактісіне қатысы барын анықтады. Алдын ала мәлімет бойынша, келтірілген шығын көлемі 7,5 миллион теңгеге жеткен.
Қазіргі уақытта топ мүшелерінің осыған ұқсас басқа да эпизодтарға қатысы тексеріліп жатыр. Алты адамның үшеуі қамауға алынып, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Мамандар мұндай схемаларда алаяқтар адамдардың сеніміне сүйенетінін айтады. Сондықтан ақша аудармас бұрын туыс немесе досыңызбен басқа байланыс арнасы арқылы хабарласып, ақпараттың рас екеніне көз жеткізу маңызды.
Бұған дейін Астанада жоғары оқу орнына «таныстары арқылы» оқуға түсіріп беремін деп уәде еткен алаяққа сот үкімі шыққаны хабарланған.










