Қазақстан мен Қытай жасанды интеллект көмегімен кино өндірісін дамыту бағытындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығармақ. Бейжіңде өткен Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) халықаралық фестивалінің таныстырылымында екі ел AI-кино және телевизия саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға келісті, деп хабарлайды Tech-news.
Іс-шара Бейжіңдегі Shougang паркінде Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің қолдауымен өтті. Форумға технологиялық компаниялар, киностудиялар, университеттер, ғылыми-зерттеу ұйымдары, инвесторлар, AI әзірлеушілері мен кино индустриясының өкілдері қатысты.
Форумның басты жаңалықтарының бірі — Astana AI Film Festival қоры мен Beijing Zhongguancun Tongli Technology Service Co., Ltd. арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Құжат AI арқылы фильм жасау, AIGC технологияларын дамыту, ғылыми-фантастикалық контент өндіру, инвестиция тарту және халықаралық дистрибуция бағытындағы бірлескен бастамаларды қамтиды. Сонымен қатар қытайлық компания фестивальдің Қытайдағы ресми серіктесі атанады.
Astana AI Film Festival тең құрылтайшысы әрі директорлар кеңесінің төрағасы Алмас Жәлі Қытайды AI-индустриядағы негізгі серіктестердің бірі деп атады. Оның айтуынша, әлемдегі ең ірі технологиялық экожүйелердің бірі қалыптасқан Қытаймен әріптестік креативті индустриялардағы ұзақ мерзімді жобаларға жол ашады.
Кездесу барысында ұйымдастырушылар 1–3 қазан аралығында Астанада Astana AI Week аясында өтетін Astana AI Film Festival бағдарламасын таныстырды.
Фестивальдің тең құрылтайшысы әрі креативті директоры Айзатулла Хуссейн жасанды интеллект кино өндірісіндегі шекараларды өзгертіп жатқанын айтты. Оның пікірінше, бүгінде авторлар әлемнің кез келген жерінен халықаралық деңгейдегі жобаларды жасай алады, сондықтан фестиваль шығармашылық идеяның сапасына басымдық беретін ашық халықаралық алаң ретінде ұйымдастырылып отыр.
Таныстырылымнан кейін Қазақстан–Қытай AI-кино және телевизия саласындағы инновациялық ынтымақтастық форумы өтті. Сарапшылар жасанды интеллектіні кино өндірісінде пайдалану, AI-контент әзірлеу, шығармашылық процестердің трансформациясы, халықаралық серіктестік және бірлескен жобаларды әлемдік нарыққа шығару мәселелерін талқылады.
Панельдік пікірталастарға PixVerse AI, China Film Group жанындағы Жасанды интеллект ғылыми-зерттеу институты, Bauhinia Films (Shenzhen) Co., Ltd., Чжунгуаньцунь ғылыми-фантастикалық индустрия инновациялық орталығы және AIGC бағытындағы жетекші қытайлық компаниялардың өкілдері қатысты.
Форум қорытындысында тараптар жасанды интеллект, кино және цифрлық креативті технологиялар бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.
Astana AI Film Festival 2026 жылдың күзінде Астанада өтеді. Бағдарлама аясында жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайтын халықаралық байқау, конференциялар, питчинг сессиялары және әлемнің жетекші AI, кино және цифрлық шығармашылық сарапшыларының кездесулері ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестивальге қазірдің өзінде әлемнің 50 елінен қатысуға өтінім түскен.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Astana AI Film Festival туралы айта келе, бұл бастама креативті индустриядағы жаңа кезеңнің символына айналатынын атап өткен болатын. Оның айтуынша, жасанды интеллект шығармашылыққа қолжетімділікті кеңейтіп, талантты авторларға халықаралық деңгейде өз жобаларын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік беріп отыр.










