Қазақстанда мектеп түлектерін жоғары оқу орнына түсірумен қатар, олардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына көмектесетін жүйе дамып келеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Tech-news.
Министрдің сөзінше, кәсіби бағдар беру бағытындағы негізгі құралдардың бірі – EduNavigator.kz платформасы. Қазірдің өзінде бұл жүйе арқылы 240 мыңнан астам оқушы кәсіби диагностикадан өткен. Оның 132 мыңы 2025 жылы тіркелген.
Платформа оқушылардың қабілеті мен бейімділігін анықтап қана қоймай, жаңа мамандықтар туралы ақпарат беруге және еңбек нарығындағы сұраныспен байланысты білім траекториясын таңдауға мүмкіндік береді.
Министрлік кәсіби бағдар беру саласындағы мамандар даярлау жұмысын да күшейтіп жатыр. Осы мақсатта «Педагог-профориентолог» білім беру бағдарламасы енгізілген. Қазір мамандар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті базасында даярланып жатыр.
Ал 2026–2027 оқу жылынан бастап бағдарламаға Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті де қосылады.
Министр кәсіби бағдар беру бағытындағы ірі жобалардың бірі ретінде Study in Kazakhstan көрмесін атады. Биыл көрме Қазақстанның 14 қаласында өтіп, 46 мыңнан астам оқушыны, ата-ананы және кәсіби бағдар мамандарын қамтыған.
Көрмеге 60-тан астам қазақстандық және 20-дан астам шетелдік жоғары оқу орны қатысып, білім беру бағдарламалары, гранттар мен оқу мүмкіндіктерін таныстырды.
Сонымен қатар «Серпін» бағдарламасы аясында да кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізілген. Бұл бастамаларға 13 мыңнан астам оқушы, 2 мыңға жуық ата-ана және 700-ден астам кәсіби бағдар маманы қатысқан.
Саясат Нұрбектің айтуынша, қазір Қазақстанда оқушының кәсіби диагностикасынан бастап, білім бағдарламасын таңдау және кейінгі жұмысқа орналасуына дейінгі толық білім беру навигациясы жүйесі қалыптасып келеді.









