Оқу-ағарту министрі Аида Балаева мектеп оқулықтарынан 700-ден астам қате мен ескертпе табылғанын мәлімдеді. Осыған байланысты ел бойынша оқу материалдарын кезең-кезеңімен жаңарту жұмысы басталады, деп хабарлайды Tech-news.
Мектеп бағдарламаларында қолданылып жүрген оқулықтар кешенді тексерістен өтті. Нәтижесінде 700-ден астам әртүрлі сипаттағы қате анықталған.
Атап айтқанда, техникалық және стильдік қателер, дереккөздердегі дәлсіздіктер, иллюстрациялардың мазмұнға сай келмеуі және оқу бағдарламасымен сәйкес емес бөлімдер тіркелген. Кейбір материалдарда ескірген әдістемелік тәсілдер де қолданылған.
Министрлік мәліметінше, бірқатар оқулықтар соңғы 9 жыл бойы толық жаңартылмаған. Бұл мазмұнның қазіргі білім стандартына сай келмеуіне әсер еткен.
Ведомство оқулық сапасы тек баспаларға ғана емес, бүкіл білім беру жүйесіне ортақ жауапкершілік екенін атап өтті. Әрбір оқу құралы оқушыға жетпей тұрып мазмұндық және әдістемелік тексерістен өтуі тиіс.
Жаңарту кестесі бекітілді:
— 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3 және 7-сынып оқулықтары жаңарады;
— 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сыныптар;
— 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сынып оқулықтары жаңартылады.
Жаңа оқулықтар «Адал азамат» тәрбие бағдарламасының құндылықтарына және мемлекеттік білім стандарттарына сәйкестендірілмек.










