Жасанды интеллект агенттері жақын болашақта пайдаланушының атынан өздігінен төлем жасай алуы мүмкін. Бұл бағытта ұлттық төлем инфрақұрылымын жаңартуға кіріскен елдердің қатарында Сингапур мен Үндістан бар, деп хабарлайды Tech-news.
Сингапур AI агенттерін қолдау үшін өзінің жедел төлем жүйесі PayNow-ды жаңа деңгейге шығаруды жоспарлап отыр. Елдің орталық банкі мен ірі қаржы ұйымдары агенттік төлемдерді ұлттық төлем инфрақұрылымына енгізу мүмкіндігін қарастыруда.
Мұндай жүйенің жұмыс істеу принципі қарапайым. Пайдаланушы жасанды интеллект агентіне алдын ала белгілі бір соманы жұмсауға рұқсат береді және нақты шарттарды белгілейді.
Мысалы, AI агент азық-түлікке тапсырыс бере алады, жолақысын төлейді немесе билет бағасы белгіленген деңгейден төмендеген кезде оны автоматты түрде сатып алады. Бұл жағдайда пайдаланушы әр транзакцияны жеке-жеке растауға міндетті болмайды.
Алайда мұндай технология төлем жүйелеріне жаңа талаптар қояды. Инфрақұрылым нақты пайдаланушы мен оның атынан әрекет ететін AI агентін ажырата алуы, агенттің қандай қаржылық өкілеттігі бар екенін тексеруі және даулы транзакцияларға кім жауапты болатынын анықтауы қажет.
Бұл бағытта әзірге тек мемлекеттер ғана емес, ірі технологиялық және қаржы компаниялары да жұмыс істеп жатыр. Google, Visa және Mastercard агенттік төлемдерге арналған шешімдерді сынақтан өткізуде. Қытайда WeChat AI көмегімен сатып алу сценарийлерін зерттеп жатыр, ал Ресейде Yandex Алисаға маркетплейсте тауар таңдауға және сатып алуға қатысты мүмкіндіктерді кезең-кезеңімен енгізуде.
Сингапурдың ерекшелігі — мұндай технологияны жеке сервистің деңгейінде емес, тұтас ұлттық төлем жүйесіне енгізуді қарастыруында.
Reuters мәліметінше, Үндістан да осыған ұқсас жүйені әзірлеп жатыр. Үндістанның Ұлттық төлем корпорациясы (NPCI) басқаратын UPI жүйесі пайдаланушының алдын ала келісімі негізінде AI агенттеріне шағын төлемдерді дербес жүргізуге мүмкіндік беруі мүмкін.
Бұл бастама ерекше назар аудартады. Себебі UPI арқылы ай сайын ондаған миллиард транзакция өңделеді. Егер AI агенттеріне арналған төлем механизмі кең көлемде іске қосылса, агенттік төлемдер жеке компаниялардың экспериментінен шығып, күнделікті қаржы технологиясының бір бөлігіне айналуы ықтимал.
Қазір бұл бағыттағы нақты стандарттар мен жол карталары әлі қалыптасу кезеңінде. Бірақ Сингапур мен Үндістанның тәжірибесі жасанды интеллекттің келесі қадамы тек ақпарат іздеу немесе тапсырма орындаумен шектелмейтінін көрсетіп отыр — AI агенттері пайдаланушының рұқсатымен нақты қаржылық әрекеттерді де атқара бастайды.










