Қытайдың Unitree G1 гуманоидты роботы жақын арада Эверест шыңына көтерілуге талпыныс жасауы мүмкін. Егер миссия сәтті аяқталса, ол әлемдегі ең биік нүктені бағындырған алғашқы адамтектес робот ретінде тарихқа енеді, деп хабарлайды Tech-news.
Futurism басылымының мәліметінше, жобаны француз инженері Пабло Берланд ұйымдастырып отыр. Pemba Mission деп аталатын бастаманың мақсаты — гуманоидты роботтардың экстремалды ортадағы мүмкіндіктерін сынау.
Эверестке дейін Unitree G1 маңызды кезеңнен өтті. Роботтың жаңартылған нұсқасы Эквадордағы биіктігі 6268 метр болатын Чимборасо жанартауына көтерілді.
Дегенмен, барлық жолды өз күшімен еңсеру әзірге мүмкін болған жоқ. 16 сағатқа созылған экспедиция барысында робот еңісі 30 градустан аспайтын учаскелерде ғана дербес қозғалған. Ал күрделі және тік бөліктерде инженерлер командасы оны қолмен алып жүруге мәжбүр болған.
Соған қарамастан, Unitree G1 шыңға жетіп, сол жерде өздігінен қозғалып, жұмыс қабілетін көрсетті.
Эверест экспедициясына дейін команда Гавайидегі Мауна-Кеа жанартауында тағы бір сынақ өткізуді жоспарлап отыр. Бұл роботтың жоғары биіктіктегі және күрделі табиғи жағдайда жұмыс істеу қабілетін тексеруге мүмкіндік береді.
Жоба авторлары мұны жай ғана жарнамалық акция емес екенін айтады. Олардың ойынша, болашақта мұндай роботтар экологтар мен зерттеушілерге қолжетімсіз аймақтарды бақылауға көмектесе алады. Мысалы, Гималай таулары немесе Амазония ормандары сияқты өңірлерде автономды мониторинг жүргізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Алайда сарапшылардың пікірінше, гуманоидты роботтардың табиғи ортада толыққанды жұмыс істеуіне әлі уақыт керек. Себебі таулы және жабайы аймақтардағы күтпеген факторлар роботтарға үлкен сынақ болып қала береді.
Қазіргі таңда Pemba Mission жобасы роботтарды өнеркәсіп пен зертханадан тыс ортада қолданудың жаңа сценарийлерін көрсетуге бағытталған тәжірибелердің бірі саналады.










