Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Өзбекстан ғарыш технологияларын бірлесіп дамытуға келісті. Төрт ел Түркі мемлекеттері ұйымы аясында ғарыш өнеркәсібіндегі ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойды, деп хабарлайды Tech-news.
Құжат 5-9 қазан аралығында Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан 77-ші Халықаралық астронавтика конгресі — IAC 2026 аясында рәсімделді.
Келісім спутниктер әзірлеу, ғарыш технологияларын дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізу, өндірістік кооперация орнату және мамандар даярлау бағыттарындағы ортақ жобаларға жол ашады.
Қазақстан үшін бұл ТМҰ елдерімен тәжірибе алмасып, бірлескен ғарыш жобаларына қатысуды кеңейтуге және ғылыми-технологиялық әрі өндірістік құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді.
Ынтымақтастықтың нақты жобаларының бірі — OTS-SAT спутнигі. 12U форматындағы аппаратты Астанадағы «Ghalam» компаниясы ТМҰ-ға мүше мемлекеттермен бірлесіп әзірлеп жатыр.
Спутник орбитада технологияларды сынауға арналған платформа ретінде пайдаланылады. Жоба аясында спутниктік ішкі жүйелерге арналған жаңа техникалық шешімдердің ғарыш жағдайындағы жұмыс қабілеті тексеріледі.
OTS-SAT арқылы ғарыш аппаратын әзірлеу, оны басқару және пайдалану тәжірибесін бірлесіп дамыту көзделген.
ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев келісімнің қабылдануын ұйымның ғылыми және технологиялық кооперациясын кеңейтуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағалады. Оның айтуынша, OTS-SAT жобасында жинақталған тәжірибе кейінгі ауқымды ғарыш бастамаларына негіз бола алады.
Жаңа келісім түркі мемлекеттері арасындағы ғарыш саласындағы ынтымақтастықты жүйелі форматқа көшіруге мүмкіндік береді. Ендігі кезеңде тараптар ортақ спутниктік жобаларды, зерттеулерді және өндірістік бастамаларды дамытуға ниетті.










