Индустрия

Қазақстандағы «қызыл аймақтағы» ЖЭО саны төрт есеге азайды

Қазақстанда энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту нәтижесінде «қызыл аймақтағы» жылу электр орталықтарының (ЖЭО) саны 19-дан 5-ке дейін қысқарды. Үкіметтің мәліметінше, жұмыстар энергетикалық нысандарды жаңартумен қатар, коммуналдық саланы цифрландыруды да қамтиды, деп хабарлайды Tech-news. 

2024–2025 жылдары елдегі электр стансаларында 20 энергоблок, 118 қазандық және 84 турбина жөндеуден өтті. Соның нәтижесінде электр стансаларының орташа тозу деңгейі 56%-дан 53%-ға төмендеді, ал жылу беру маусымындағы технологиялық ақаулар саны 32%-ға азайды.

2,6 ГВт жаңа қуат жоспарланған

2026 жылы Қазақстанда жалпы қуаты 2,6 ГВт болатын дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздерінің жаңа қуаттарын іске қосу жоспарланып отыр.

Қазірдің өзінде Қызылордадағы 240 МВт бу-газ қондырғысы іске қосылды, ал Текелі энергокешенін жаңғырту аяқталды. Ірі жобалардың бірі — қуаты 1 ГВт «Түркістан» бу-газ қондырғысы. Жаңа генерация нысандарын 2027 жылы іске қосу елдегі электр энергиясына ішкі сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Коммуналдық желілер де жаңартылады

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту аясында 700-ден астам жоба қарастырылған. Ұлттық жоба бойынша 20 өңірдегі 451 табиғи монополия субъектісінің инфрақұрылымы талданды.

Қазақстандық тұрғын үй компаниясы арқылы шамамен 145 млрд теңгеге 103 жоба қаржыландырылды. Қаражат жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңартуға, су тазарту нысандарын қайта құруға және өндірістік процестерді автоматтандыруға бағытталады.

Сумен жабдықтау желілерінің тозуы 2023 жылғы 40%-дан 2025 жылы 38%-ға дейін төмендеді. Су бұру жүйелерінде бұл көрсеткіш 56%-дан 54%-ға түсті. 2029 жылға қарай аталған көрсеткіштерді тиісінше 33% және 41%-ға дейін азайту жоспарланып отыр.

Smart Turmys коммуналдық деректерді бір жүйеге жинайды

Коммуналдық қызметтерді басқаруда Smart Turmys ұлттық платформасы қолданылады. Ол жылжымайтын мүлік нысандары, абоненттер, төлемдер, есептеулер және ресурстарды тұтыну туралы ақпаратты бір жүйеге біріктіреді.

2026–2027 жылдары шамамен 4,76 млн ақылды есептеу құралы орнатылады. Мұндай құрылғылар тұтынуды автоматты түрде тіркеп, есептеулердің дәлдігін арттыруға және техникалық әрі коммерциялық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Жоба сонымен бірге бүгінде қолмен жүргізілетін 9,3 млн есепке алу нүктесіне қызмет көрсету шығындарын қысқартуды көздейді.

Газ инфрақұрылымы да кеңейеді

2026 жылдың басындағы дерек бойынша Қазақстанда 13,1 млн адам, яғни халықтың 64,2%-ы табиғи газбен қамтылған.

2035 жылға қарай газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл үшін газ тасымалдау және өңдеу инфрақұрылымы кеңейтіліп жатыр. Соның ішінде «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісі қарастырылған.

Жалпы, жаңғырту бағдарламасы энергетикалық нысандардың тозуын азайтуға, жаңа генерация қуаттарын іске қосуға, коммуналдық желілерді жаңартуға және саладағы есепке алуды цифрландыруға бағытталған.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *