TechЭкономика

2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5% өсті: Үкімет AI мен цифрландыруды жаңа драйвер ретінде атады

Қазақстан Үкіметі 2025 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есепті жариялады. Құжатта экономика 6,5%-ға өскені, ал цифрландыру мен жасанды интеллект елдің жаңа даму бағыттарының біріне айналғаны айтылды, деп хабарлайды Tech-news. 

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өсіп, негізгі өсім көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және сауда секторлары есебінен қамтамасыз етілді. Бұл туралы Үкіметтің «2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы» есебінде айтылды.

Өткен жылы орташа айлық жалақы 442 мың теңгеге жетсе, жұмыссыздық деңгейі 4,6% деңгейінде сақталды. Инфляция 12,3%-ды құрады. Мемлекеттік борыш көлемі ІЖӨ-нің 22,8%-ына немесе 36,4 трлн теңгеге тең болды.

Ұлттық қор активтері жыл соңында 73,8 млрд долларға жетті. Оның 63,9 млрд доллары валюталық активтерге тиесілі.

Республикалық бюджеттің кірісі 21,4 трлн теңгені құрап, жоспар 99%-ға орындалды. Мұнай бағасының болжамнан төмен болуы, экспорт көлемінің қысқаруы және ірі кәсіпорындардан түсетін салық түсімдерінің азаюы кіріс бөлігінің толық орындалмауына әсер етті.

Соған қарамастан, меншікті кірістер 2024 жылмен салыстырғанда 1,8 трлн теңгеге ұлғайды. Салықтық түсімдер 17,5%-ға өсті. Оның ішінде корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдер 24%-ға, ал ҚҚС түсімдері 18%-ға артты.

Бюджет шығыстары 25,5 трлн теңгені құрап, 99% деңгейінде орындалды. Әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге, өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бағытталды.

Ұлттық жобалар аясында 198 мектеп пен 655 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Сонымен қатар 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй салынды.

Үкімет жаңа экономикалық өсім нүктелеріне ерекше назар аударып отыр. Соның бірі — цифрландыру және жасанды интеллект бағыты.

Есепке сәйкес, елде Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Сондай-ақ 20 жоғары оқу орнында AI мамандарын даярлау басталды. «Болашақ» бағдарламасы аясында жасанды интеллект саласына арналған жеке квота енгізілген.

Astana Hub технологиялық экожүйесі де кеңеюін жалғастырып жатыр. Бүгінде хабта 2200-ден астам IT-компания тіркелген. Олардың 500-ден астамы — шетелдік компаниялар.

Цифрлық бақылау құралдарын енгізу арқылы бюджет қаражатының тиімділігін арттыру жұмыстары да жалғасуда. Үкімет енді қаржының игерілуінен гөрі, нақты нәтижеге қол жеткізуге басымдық беріп отырғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар көлік, энергетика және инфрақұрылым салаларында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында жаңа теміржол желілері, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және транзиттік әлеуетті күшейтуге бағытталған бастамалар бар.

Үкіметтің мәліметінше, Жоғары аудиторлық палата мен депутаттар берген 37 ұсынымның 16-сы орындалған, қалған бағыттар бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *