Қазақстанның Ішкі істер министрлігіне қарасты жоғары оқу орындарына биылғы қабылдау науқаны алғаш рет толықтай Qyzmet-Police.kz цифрлық платформасы арқылы жүргізіліп жатыр. 15 шілдеден бастап талапкерлер дене шынықтыру нормативтерін тұрғылықты жеріндегі полиция департаменттерінде тапсырады, деп хабарлайды Tech-news.
Биылғы қабылдау жүйесіндегі басты өзгеріс – барлық өтінімдер мен іріктеу кезеңдерінің бір ақпараттық жүйеге көшірілуі. Талапкерлер құжаттарын онлайн тапсырып, әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындыларын да осы платформа арқылы көре алады. Бұл қағаз құжаттардың санын азайтып, түрлі мекемелерге бару қажеттілігін қысқартқан.
ІІМ Кадр саясаты департаменті басқармасының бастығы Сенбек Иманғалидің айтуынша, ведомство қабылдау процесін барынша ашық әрі түсінікті етуге басымдық берген.
15 шілдеден басталатын дене дайындығы бойынша сынақтар талапкерлердің тұрғылықты жеріндегі аумақтық полиция бөлімшелерінде өтеді. Барлық кезең бейнежазбаға түсіріліп, тікелей эфирде көрсетіледі. Сонымен қатар ата-аналар сынақтарға қатысып, процесті өз көздерімен бақылай алады.
Нормативтер аяқталғаннан кейін әр талапкердің материалдары тиісті оқу орнының қабылдау комиссиясына жіберіледі. Комиссия ҰБТ нәтижелерін, жеңілдіктерді және басқа да конкурс көрсеткіштерін ескереді. Қажет болған жағдайда талапкерлермен бейнебайланыс арқылы сұхбат өткізіліп, ол да толық жазылады.
Биыл ІІМ-нің ведомстволық жоғары оқу орындарындағы 1250 гранттық орынға шамамен 4 мың талапкер үміткер болып отыр.
ІІМ өкілдері ата-аналарға ақылы түрде оқуға түсіруге уәде беретін делдалдарға сенбеуге шақырды. Ведомствоның мәліметінше, қабылдауға қатысты негізгі шешімдердің барлығы цифрлық жүйеде қабылданады және әр кезең талапкердің жеке кабинетінде тіркеліп отырады.