Қазақстандық жұмыс берушілер бос жұмыс орындарын пайда болғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жариялауы тиіс. Бұл талап қызметкерді ресми түрде жұмысқа қабылдағанға дейін орындалуы қажет, деп хабарлайды Tech-news.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс орындарын жариялау және азаматтардың жұмыспен қамту мәртебесін тіркеу тәртібін түсіндірді.
Министрліктің мәліметінше, бос жұмыс орындары туралы деректерді уақытында жариялау бірыңғай цифрлық платформадағы ақпараттың өзекті болуына мүмкіндік береді. Осылайша, жұмыс іздеп жүрген азаматтар қолжетімді вакансияларды бір жерден көре алады.
Белгіленген мерзімді сақтамаған жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Заңнамада бұзушылықтың сипаты мен қайталануына қарай ескерту немесе айыппұл қарастырылған. Бұл талап алдағы уақытта болатын жұмыстан босату туралы ақпаратқа да қатысты.
Министрлік жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың мәртебесін жаңарту процесі де цифрландырылғанын атап өтті.
Азамат жұмысқа орналасқаннан кейін бес жұмыс күні ішінде мансап орталығына хабарлауы тиіс. Бірақ хабарлама берілмеген жағдайда да жүйе жұмыспен қамтылу туралы ақпаратты автоматты түрде анықтай алады.
Мысалы, электрондық еңбек шарты Бірыңғай еңбек шарттарын тіркеу жүйесінде тіркелсе немесе жұмыс берушіден алғашқы міндетті зейнетақы жарнасы түскен жағдайда азамат жұмыссыздар қатарынан автоматты түрде шығарылады.
Яғни, жұмысқа орналасу туралы мәлімет мемлекеттік ақпараттық жүйелерге дұрыс енгізілсе, мансап орталығына жеке барып хабарлаудың қажеті жоқ.
Министрлік жұмыс берушілерге үш негізгі талапты еске салды: бос жұмыс орындарын Enbek.kz платформасында уақытында жариялау, электрондық еңбек шартын тіркеу және әлеуметтік әрі зейнетақы жарналарын мерзімінде аудару.
Министрліктің пікірінше, бұл жүйе еңбек нарығындағы деректерді жаңартып отыруға, жұмыспен қамту статистикасының нақтылығын арттыруға және мемлекеттік қолдау тетіктерінің дұрыс жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.










