Жасанды интеллектке жаппай инвестиция салған компаниялар енді шығындарды азайту жолдарын іздеп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, AI құралдарын енгізу күткеннен қымбатқа түсіп, олардың экономикалық тиімділігі әрдайым өзін ақтай бермейді, деп хабарлайды Tech-news.
Жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізген компаниялар енді шығындарды қайта есептеуге кірісті. The Economist мәліметінше, нейрожелілерді пайдалану құны жоғары болып шыққандықтан, бизнес AI-ға деген көзқарасын қайта қарастыра бастады.
Соңғы жылдары көптеген компаниялар бағдарламалау, деректерді талдау және контент жасау процестерін автоматтандыру үшін AI құралдарын жаппай енгізді. Кейбір ұйымдар қызметкерлерден нейрожелілерді күнделікті жұмыста міндетті түрде қолдануды талап еткен.
Алайда AI сервистерін кең көлемде пайдалану операциялық шығындарды айтарлықтай өсірді. Мысалы, кейбір компаниялардың Claude моделін қолдану үшін жүздеген миллион доллар жұмсағаны туралы мәліметтер айтылып жүр. Бір жағдайда шығын көлемі 500 млн долларға жеткен.
Ramp AI Index жүргізген зерттеу AI технологияларын белсенді пайдаланатын компаниялардың бір қызметкерге ай сайын орта есеппен 7500 доллар жұмсайтынын көрсетті. Кейбір ұйымдарда бұл көрсеткіш 150 мың долларға дейін барған.
Осыған байланысты корпоративтік сектордағы көзқарас өзгеріп келеді. Егер бұрын компания басшылары жасанды интеллектіні барлық процеске енгізуге шақырса, қазір сарапшылар неғұрлым прагматикалық тәсілді ұсына бастады.
Олардың пікірінше, сұраныстар санын шектеу, арзанырақ модельдерді қолдану және AI-ды нақты экономикалық пайда әкелетін бағыттарда ғана пайдалану тиімдірек.
Кейбір технологиялық алпауыттар бұл стратегияға қазірдің өзінде көшкен. Amazon мен Meta қызметкерлердің AI құралдарын пайдалануына қатысты ішкі рейтинг жүйелерінен бас тартты. Ал Uber компаниясы нейрожелілерді қолдануға белгілі бір шектеулер енгізіп, әзірге мұндай инвестициялардан айқын қаржылық нәтиже көрмегенін мәлімдеді.
Осылайша, жасанды интеллект төңірегіндегі алғашқы эйфория кезеңі аяқталып, оның орнына тиімділікке негізделген жаңа кезең басталып жатқан сияқты. Компаниялар енді AI мүмкіндіктеріне ғана емес, оны енгізуге кететін шығын мен нақты қайтарымға да көбірек назар аудара бастады.










