TechОбщество

Қазақстандықтарға жаңа алаяқтық схемасы туралы ескерту жасалды

Қазақстан ІІМ азаматтарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таралып жатқан жаңа алаяқтық тәсілі туралы ескертті. Алаяқтар құқық қорғау органдары мен қауіпсіздік құрылымдары басшыларының атын пайдаланып, адамдардан ақша сұрап жатыр, деп хабарлайды Tech-news.

Қазақстанда кибералаяқтар жаңа схемаға көшті. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы уақытта қаскөйлер қауіпсіздік және құқық қорғау органдары басшыларының аты-жөні мен фотосуреттерін пайдаланып, жалған аккаунттар аша бастаған.

Алаяқтар WhatsApp, Telegram және басқа да мессенджерлерде шенеунік, бұрынғы әріптес немесе таныс адамның атынан хабарласып, түрлі себептермен шұғыл ақша аударуды немесе қарыз беруді сұрайды.

ІІМ азаматтарды мұндай хабарламаларға сақтықпен қарауға шақырды. Ведомствоның айтуынша, тіпті хабарлама таныс адамнан келгендей көрінсе де, алдымен ақпаратты тексеру қажет.

Министрлік SMS-кодтарды, банк картасының деректерін, құпия сөздерді және басқа да жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтуден және белгісіз қосымшаларды орнатудан бас тартқан жөн.

Егер күдікті хабарлама келсе, ІІМ сол адаммен ресми байланыс арналары немесе бұрыннан белгілі телефон нөмірі арқылы хабарласып, ақпараттың рас-өтірігін анықтауға кеңес береді.

Бұған дейін қазақстандықтарға Telegram аккаунттарын бұзудың жаңа тәсілі туралы ескертілген еді. Алаяқтар пайдаланушыларға Telegram-ның ресми қолдау қызметі атынан жалған хабарлама жіберіп, аккаунтты жою туралы өтініш түскенін хабарлайды. Кейін қолданушыны арнайы батырманы басуға итермелейді.

Сонымен қатар сарапшылар WhatsApp-тағы GhostPairing деп аталатын шабуыл тәсіліне де назар аударған. Бұл әдіс күрделі техникалық шабуылдарды немесе SIM-картаны ауыстыруды қажет етпейді. Қаскөйлер мессенджердің қосымша құрылғыларды байланыстыру функциясын пайдалану арқылы аккаунтқа заңды түрде қосылып, бақылауды өз қолына алады.

Осыған дейін ІІМ жүргізушілер арасында таралған «міндетті құжаттар» туралы жалған хабарламаларға да түсініктеме берген болатын.

Мамандар азаматтарға цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтап, кез келген күмәнді хабарламаны бірнеше арна арқылы тексеруге кеңес береді.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *